Тіл болашағы – балабақшадан
2022 ж. 20 маусым

Түркістан облысына қарасты Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен ауданның мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндері арасында «Тіл болашағы – балабақшадан» тақырыбында аудандық байқау болып өтті. Байқауға 25 бүлдіршін қатысып, өз бақтарын сынады.
Іс-шараны мекеме басшысы Құрманбек Рысмаханов мен Жетісай ауданының құрметті азаматы Махмут-Бақыт Жаңбырбаев ашып берді.
Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиевтің келісімімен өткен байқау мемлекеттік тілдің бала өміріндегі маңыздылығын таныта отырып, ұлттық рухын бойға сіңдіру, талантты және дарынды балаларды анықтау, оларға қолдау көрсету, Отанға деген махаббат пен өнегелік патриоттық сезімге тәрбиелеу, бала тұлғасының ақыл-ой және шығармашылық қабілеттерінің дамуына ықпал ету басты мақсат болып табылады. Байқауда Жетісай аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құралған Қоғамдық келісім кеңесінің төраға кеңесшісі Айтышева Раушан Қуанышқызы, Жетісай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Жолшыбеков Бағдат Бақытұлы, сонымен қатар Жетісай аудандық мәдениет үйінің ұжым жетекшісі Избасханова Венера Адырбайқызы әділқазылық етті.
Балаларды өнер мен сұлулыққа, шығармашылыққа баулуды, бүлдіршіндердің танымдық қабілеттерін дамытуды, мемлекеттік тілдің бала өміріндегі маңыздылығын таныту, ұлттық рухын бойға сіңіру мақсатында ұйымдастырылған байқауға қатысушылардың дайындықтары жоғары деңгейде болды. Әрине бәрі де үздік деп танылуға лайық. Дегенмен жүйріктен жүйрік озар жарысқанда,Тұлпардан тұлпар озар, шабысқанда демекші жүйріктердің ішінен кіл мықтылардың шығары анық.
Ғ.Мұратбаев атындағы Жетісай гуманитарлық-техникалық колледжінде өткен байқауда бүлдіршіндер
«Мен және балабақшам»,«Мемлекеттік тіл – менің тілім» «Алақай, менің өнерім» сынды үш шарт бойынша сайысқа түсіп, өздері мен отбасыларын таныстырып, мемлекеттік тілге байланысты ақын-жазушылардың кез келген шығармаларын орындады. Өз өнерлерін көрсетіп, ән айтып, би биледі. Байқау қорытындысы бойынша әділ қазылардың шешімімен байқаудың ІІІ орыны «Нұр-Кәусар» балабақшасынан Мох Дарина, «Ақмарал» балабақшасынан Ақниет Есентай мен «Әсел» балабақшасынан Сұлтан Мірәліге бұйырса, «Нұр-Жібек» балабақшасының тәрбиеленушісі Аягөз Тағабек пен «Рзуан ана» балабақшасының тәрбиеленушісі Аяру Дүйсехан ІІ орынға табан тіреді. Ал, І орынды «Алпамыс» балабақшасының бүлдіршіні Раяна Туленова қанжығасына байласа, бас жүлдені иеленген «Білім патшалығы» балабақшасының тәрбиеленушісі Азатбек Нұрмұхаммед Сейітжанұлы байқаудың жеңімпазы атанды. Бұдан бөлек, өнерлерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленген қатысушылар «Үздік өнер көрсетуші», «Дарынды бүлдіршін», «Өнерлі бүлдіршін» номинацияларына ие болды. Жеңімпаздар ұйымдастырушылардың бағалы сыйлықтарымен, арнайы дипломдарымен марапатталды.