Бағдарламаның бір жылдығына орай көрме ұйымдастырылды
2022 ж. 15 сәуір

Биыл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялағанына1 жыл толып отыр . Осы уақыттан бері еліміз бойынша көптеген шаралар ұйымдастырылып, жобалар жүзеге асты.
Қалың қазақтың қаймағы қоныстанған Шымкентте де аталмыш бағдарлама аясында талай тірлік тындырылды. Осы шараларды қорытындылау үшін бүгін Шымкентте «Ұлт тарихындағы Ұлы белес» атты салтанатты жиын болып өтті. Айтулы шараға қоғам қайраткерлері мен ғалымдар, зиялы қауым өкілдері және түрлі ұйым өкілдері қатысты. 1 жылдықты қорытындылау барысында ең алдымен көрме ұйымдастырылды. Атқарылған тірліктер мен өткен жиындардан хабар беретін сан алуан фотосуреттер көрменің көркін ашты.
Ауқымды жұмыстардың атқарылғанын жиынға қатысушылар осы көрмеде қанықты. Ауыз толтырып айтарлықтай шара барысында 4 370 іс-шара өткізіліп, оған 1 млн. 174 мыңға жуық адам тартылды.Тек «Туған жер» жобасын жүзеге асыру үшін 4 бірдей кіші бағдарлама жасалды. Соның негізінде жыл бойы 46 жоба жүзеге асып, 168 іс-шара ұйымдастырылды. Ал, оған 97 қоғамдық ұйым тартылды. Расында колға алынған шаруалардын үдесінен шыкканына зиялы кауым өкілдері күә болысты.
Ұрпақ үшін атқарылып жатқан ауқымды шараларды жалғастыру керектігін тілге тиек етіп, қолдау білдіретіндіктерін айтты. Атқарылған жұмыстың бір парасы ғана. Елбасының бұл мақаласына шымкенттіктер шынайы қолдау білдіруде. Осы жоба қолға алынғаннан кейін қоғамда жаңаша бір серпіліс орын алды. Ел өткенімен танысып, болашағына нақты бағдар жасады.
Дәстүрді дәріптей отырып, алға қадам жасады. Дамудың даңғыл жолына түсті. Озат отыз елдің қатарына қосылуды көздеген елде дамумен қатар, жаңғырудың да жалғаса беретіні заңдылық. Аталмыш жобаның өзге өңірлерді айтпағанда, Шымкент қаласында сәтті жүзеге асқаны аңғарылады. Себебі, алты басымдықтан тұратын бағдарламаның қай бағытын алып қарасақ та, облыста орасан шаруа атқарылған. Тек «Туған жер» бағдарламасы бойынша Шымкентте жеке демеушілер есебінен құны 31 млрд. 467 млн. теңгені құрайтын жалпы саны 577 жоба жүзеге асқан. Алдағы уақытта да атқарылар шаруа шаш етектен. Оған шымкенттіктердің қосар үлесі қомақты болмақ.